17 там, 2020 сағат 19:25

Оралда полиция қызметкерінің жалған нөмірмен көлік жүргізгені анықталды

Оралда полиция қызметкерінің жалған нөмірмен көлік айдағаны анықталды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Бұл дерек Батыс Қазақстан облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет пен облыстық полиция департаменті өзіндік қауіпсіздік басқармасының қызметкерлері 15 тамыз күні бірлесіп жүргізген рейд барысында белгілі болды.

«Адалдық алаңы» республикалық жобалық кеңсе жетекшісі Төлеген Байғұлов Facebook-тегі парақшасында мәлім еткеніндей, рейд кезінде тоқтатылған, полиция қызметкері жүргізген Kia Optima автокөлігіне жалған нөмір тағылған болып шықты. Автокөлік айып тұрағына жеткізілді. 

БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметі аталған автокөліктің рулінде Орал қаласы полиция басқармасының қызметкері отырғандығын растады.

Полиция қызметкеріне қатысты ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық кодексі 590-бабы 4-бөлігіне (көрiнеу жалған немесе қолдан жасалған мемлекеттiк тiркеу нөмiрi белгiлерi бар көлiк құралын басқару) сәйкес әкімшілік хаттама толтырылды. Материал сотқа жолданды.