Оралда жеңіл автокөлік аялдаманы қиратып кетті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
БҚО полиция департаментінің ресми өкілі Болатбек Белгібековтің мәлім еткеніндей, оқиға 6 қазан күні түнгі сағат 23.00-де Гагарин көшесі «Меховая» аялдамасында болды.
31 жастағы жүргізуші айдаған «Лада Приора» автокөлігі аялдамаға барып соғылған.
Жол апаты салдарынан жүргізуші мен 30 жастағы жолаушы түрлі дене жарақаттарымен облыстық ауруханаға жеткізілді. Басқа ешкім зардап шеккен жоқ.
«Қазіргі кезде бірнеше сараптама тағайындалды. Соның ішінде адамның алкоголдік ішімдік ішкен-ішпегендігін анықтайтын сот-химиялық сараптама жүргізіледі. Соның қорытындысына сәйкес нақты процессуалдық шешім қабылданады. Сонымен қатар келтірілген шығын анықталу үстінде», деді ҚазАқпарат тілшісіне Б.Белгібеков.
БҚО полиция департаменті жүргізушілерді жолда жүру ережесіне немқұрайлы қарамай, қағидаларын сақтауға, жаяу жүргіншілерді белгіленген жерден өтуге шақырады.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің нақтылауынша, 30 жастағы ер адам сынық және жабық бас-ми жарақатын алып, миы шайқалған. Мас күйінде болған.
Омыртқасына зақым келген 31 жастағы ер адамның да жағдайы ауыр. Қазір екеуі де жансақтау бөлімінде жатыр.