Батыс Қазақстан облысында республикалық «Мигрант» жедел алдын алу шарасы барысында бес қылмыскер ұсталды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
БҚО полиция департаментінің ресми өкілі Болатбек Белгібековтің мәлім еткеніндей, 15-19 ақпан аралығында өткізілген аталмыш іс-шара кезінде қолға түскен 5 қылмыскердің біреуі халықаралық іздеуде жүрген болып шықты.
«Оралда ауыр қылмыс жасап, соттан бой тасалаған 35 жастағы өзбекстандық азамат ұсталды. Сондай-ақ облыста заңсыз жүрген 15 шетелдік ел аумағынан шығарылды», деді Б.Белгібеков.
Полицияның жедел топтары облыс аумағында жүрген мыңнан астам шетелдік азаматты тексерді.
Соның нәтижесінде елде жүріп-тұру мерзімін бұзған 119 адам, шетелдіктің келуіне байланысты құжат жасамаған 96 облыс тұрғыны және шетелдік жұмыс күшін заңсыз тартқан 5 жұмыс беруші анықталып, бәрі де әкімшілік жауапкершілікке тартылды.