15 қаз, 2019 сағат 09:54

Онкологиялық науқастарды шетелге жіберуден бонус алатын компаниялар бар

Онкология ауруларын емдеу үшін ақша жинаумен айналысатын компаниялар анықталып жатыр. Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институты басқарма төрайымы, м.ғ.д. Диляра Қайдарова мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Түркияға, Кореяға немесе Еуропаға барып емделгенді қалайтын адамдар бар. Дегенмен де дәл осы ем-дом шараларын біз де ұсындық. Біз осы жағдайлардың барлығын тексеріп шықтық. Еліміздегі науқастарды емделуге шет елдерге жіберуді шынымен де лоббилендіретін компаниялар бар. Олар осы қызметі үшін тиісті бонустар алады. Бұл өз кезегінде қандай да бір бизнес түрі», - деді Д. Қайдарова Онкологиядағы Дүниежүзілік көшбасшылар саммитінде тілшілер сауалына жауап бере отырып.

Оның атап өтуінше, шілде айынан онкологиялық көмек көрсетудің әрбір оқиғасын тексеру шаралары басталды. Осы орайда соңғы үш айда аталған хабарландырулар саны төмендеген.

«Біз олармен (компаниялармен) байланысқа шықтық. Бұл тұрғыда олардың емделушінің палатасына барып, баланы шетелге жіберу үшін ақша жинап беру ұсынысын жасайтынын анықтадық. Негізінен, бұл шаралар балалар онкологиясы бойынша жүргізіледі. Әрине, бұл тұрғыда заңсыз ештеңе де жоқ», - деді Д. Қайдарова.

Бұдан бұрын хабарланғандай, бүгін елордада Онкологиядағы Дүниежүзілік көшбасшылар саммитінің жұмысы басталды. Шараға 70 елден 350 делегат қатысып жатыр.