Вакциналау науқаны басталғаннан бері «СҚ-Фармация» бірыңғай дистрибьютері өңірлерге 4,4 млн доза екпе жеткізген, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Бұл туралы компанияның басқарма төрағасы Ерхат Есқалиев орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде айтты.
«СҚ-Фармация» ЖШС бірыңғай дистрибьютор ретінде тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі мен міндетті медициналық әлеуметтік сақтандыру жүйесі шеңберінде медициналық ұйымдар мен республика халқын дәрілік заттармен қамтамасыз етіп отыр. 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап МӘМС енгізілуімен 700 мыңға жуық сақтандырылған халық амбулаториялық деңгейде тегін дәрі-дәрмек алды», - деді «СҚ-Фармация» басшысы.
Сондай-ақ, коронавирусқа қарсы вакцинаның төрт түрін таңдау мүмкіндігі бар екенін еске салды.
«Спутник V» вакцинасының 10 миллион 280 мың дозасы сатып алынды, Оның ішінде ағымдағы жылдың 1 ақпанынан бастап өңірлерге бірінші компоненттің 1,9 млн дозасы және екінші компоненттің 14 млн. дозасы жөнелтілді. 10 маусымға дейін бірінші компоненттің 1 млн 200 мың дозасын және екінші компоненттің 525 мың дозасын жөнелту аяқталады», - деген Ерхат Есқалиев QazVac вакцинасының 2 млн дозасын сатып алғанын айтты.
«Өңірлерге отандық вакцинаның 100 мың дозасы жеткізілді. Келесі жеткізілім маусым айының соңына дейін жоспарланған. Hayat-Vax-тың 1 млн дозасы сатып алынды және өңірлерге жөнелтілді. Бұдан басқа, Sinovac Biotech компаниясы өндіретін Coronavac вакцинасының 500 мың дозасы сатып алынды. Өңірлерге 12 маусымнан кейін жөнелтіледі», - деді бірыңғай дистрибьютер басшысы.
Ерхат Есқалиевтің мәліметінше, бүгінгі таңда өңірлерге COVID-19 вакцинасының 4 млн 400 дозасы жеткізілген.
«Вакциналарды аймақтарға бөлу Денсаулық сақтау министрлігі санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің тапсырысы бойынша жүзеге асырылады», - деді «СҚ-Фармация» басшысы.