01 ақп, 2022 сағат 16:23

Өңірлердегі тәртіпсіздіктерге қатысқан күдіктілер елордада ұсталды


Қаңтар айының басынла өңірлерде орын лаған тәртіпсіздіктерге қатысқан күдіктілер елордада ұсталды. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қалалық полиция департаменті Жергілік полиция қызметі басқармасының бастығы Арман Аймағамбетов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Өздеріңіз де білетіндей, қазіргі уақытта Нұр-Сұлтан қаласының аумағында «Құқықтық тәртіп» жедел алдын алу іс-шарасы өткізіліп жатыр. Оның аясында біз заңсыз айналымнан атыс қаруларын да тәркіледік», - деді ол брифинг барысында БАҚ өкілдерінің сауалына орай.

Осы ретте ол қаңтардың басындағы оқиғалар кезінде елордада тәртіпсіздіктерге жол берілмегендігін баса айтты.

«Қоғамдық тәртіпті бұзғаны үшін ұсталғандар болды. Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр», - деді басқарма бастығы.

Сонымен қатар елордалық департамент өкілі еліміздің өзге өңірлерде орын алған тәртіпсіздіктерге қатысты деген күдікпен Нұр-Сұлтан қаласында қолға түскен күдіктілердің де болғандығын атап өтті.

«Өзге өңірлерде орын алған оқиғаларға қатысқандар да ұсталды. Қазіргі уақытта Жамбыл облысында және Алматы қаласында орын алған оқиғаларға қатысқан 3 күдікті қолға түсті. Аталған тұлғалардан ұрланған заттар табылды. Кейбір фактілерге қатысты жедел қызметтер кешенді жұмыстар жүргізді. Ұрланған телефондарды сатылымға шығару деректері де бар. Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр», - деді Арман Аймағамбетов.