Фото: istagram.com/abayalgazy
Қазақстандықтар Абай Алғазы есімді автордың өзінің жеке тәжірибесін және табысқа жету жолындағы кеңестерін топтастырған «Батыл қадам жаса! Алдын ала дайындал! Ережелерді бұз!» атты мотивациялық кітабын талқылап жатыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Әлеуметтік желілерде кітаптағы ерекше жаттығу жарияланды. Онда автор белгісіз қыздарға барып, оларды белінен ұстап көтеріп, 360 градусқа айналдыруды ұсынады. Содан кейін қызды жерге қойып, оның көзіне қарап, көңілді әрі ойынқұмар түрде «Сәлем! Мен сені қалаймын!» деп айту керек деп жазады. Бұл әрекетті автор 10 әртүрлі қызбен қайталауды ұсынады.
Ал автор кітаптың мотивация беруге арналғанын айтады.
«Бұл еңбек оқырмандарды батыл әрекет етуге, алға жоспар құруға және табысқа жету жолында ережелерді бұзудан қорықпауға шақырады», - деп жазды автор Instagram парақшасында.
Жаттығудың қауіпсіздігі мен тиімділігі үшін кейбір нұсқаулықтар да қосылған, мысалы, қызды қатты ұстап, құлатып алмау. Әлеуметтік желі қолданушылары бұл жаттығуды сынға алып, мұндай әрекеттер жеке шекараны бұзады және этикаға жатпайды деп бағалады.