Әйелдерге ұятсыз ұсыныстар жасады деген айыппен мандатынан айырылған экс-депутат Асқар Садықовтың қызы, әнші Dequine Instagram парақшасында пікір білдірді.
Айта кетейік, әнші Dequine мәжіліс депутаты болған Асқар Садықовтың қызы.
"Соңғы күндері көп жаңалық болып жатыр, оқиғалардың қалай өрбіп жатқанын өздеріңіз де көріп отырсыздар. Әкем, Асқар Садықов, жұмыс орнында харассмент жасады деген айыптауларға ұшырады.
Мен де сіздер сияқты болып жатқан жағдайға терең күйзеліп отырмын. Шынымды айтсам, не айтарымды, не істерімді, кімге сенерімді және мұндай жағдайда қалай әрекет етуді білмеймін. Өмір мені мұндай жағдайға дайындаған жоқ. Бұрын да қоғамдық харассмент мәселесімен бетпе-бет келген адам үшін бұл жағдай үлкен күйзеліс әкелді.
Бұл жағдай менің өмірімдегі екі басты құндылыққа соққы болды: отбасым мен әйелдердің жеке басына қол сұғылмау құқығы. Бірнеше жыл бұрын мен харассмент пен барлық зорлық-зомбылық түрлеріне қарсы болғанымды мәлімдегендей, қазір де сол принциптеріме адалмын. Кез келген зорлық-зомбылықты қатаң айыптаймын.
Осы қиын кезеңде қолдау көрсетіп, менімен бірге уайымдап жатқан барлық жандарға алғыс айтамын. Сіздердің қолдауларыңыз мен үшін баға жетпес", - деп жазды Dequine.
Айта кетейік, "Ақ жол" партиясы Садықовқа жаңа айыптар тақты.