ҚР СІМ ресми өкілі Айбек Смадияровтың айтуынша, Ирактан қазақ балаларын қайтару операциясы әлі жүргізілмегенін мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Операция әлі өткізілген жоқ. Біз Ирак тарапымен келіссөз жүргізіп жатырмыз. Сонымен бірге, әлеуметтік және тұрмыстық сипаттағы дайындық жұмыстары пысықталуда. Себебі, келгеннен кейін ол балалардың барлығы «Жусан» операциясы кезіндегідей бірден карантинге жатқызылады. Оларды оңалту үшін уақыт қажет. Олар ұзақ уақыт бойы қиын жағдайда өмір сүрген. Сол себепті, жуық арада операция жүргізілер деп отырмыз. Нақты уақытты біз әлі келіскен жоқпыз», - деді Айбек Смадияров СІМ-де өткен баспасөз мәслихатында.
ҚР СІМ ресми өкілі ол жақтан 2-13 жас аралығындағы 10-нан аса бала қайтарылатынын атап өтті.
«Менің ойымша, алдағы екі аптаның ішінде бәрі атқарылуы тиіс», - деді Айбек Смадияров.
Еске сала кетсек, елордада 9 қазанда өткен Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының (ЕҚЫҰ) Ауғанстан бойынша жиынында ҚР Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді Қазақстанның Ирактан бірнеше баланы қайтару бағытында жұмыс жүргізіп жатқанын хабарлаған болатын.
«Олардың аналары сол жақта өмір бойына бас бостандығынан айырылған», - деген еді министр.