Қазнетте оқу аудиториясындағы үлкен экранда жыныстық қатынас көрсетіліп жатқаны туралы видео тарады. Желі қолданушылары мұндай видеолар қазақстандық оқушыларға да көрсетіледі деген пікір қалдырып жатыр, - деп хабарлайды stopfake.kz.
Бұл видео Ганада медбикелерді даярлау сабақтарының бірінде түсірілген. Яғни қатысушылар мектеп оқушылары емес, студенттер болған.
Видеоны студенттердің бірі жасырын түрде түсіріп алған, ол бірден кеңінен тарап кетті. Бұл Гана тұрғындарының арасында қарама-қайшылықты реакция тудырды, олардың басым бөлігі болашақ медицина қызметкерлерін даярлау сапасы нашар деп мәлімдеді.
Алайда, мұндай видеолар қазақстандық оқушыларға көрсетіледі деп айтуға негіз жоқ.
Бұған дейін Білім және ғылым министрлігі ата-аналардың отандық мектептердегі балаларға жезөкшелік, бір жынысты қарым-қатынас және жыныстық зорлық-зомбылық туралы айтылатыны туралы теорияларын бірнеше рет жоққа шығарған болатын.
Сондай-ақ «орта білім беру ұйымдарында балалар мен жасөспірімдердің ұрпақты болу денсаулығын нығайту «Азаматтардың ұрпақты болу құқықтары және оларды жүзеге асыру кепілдіктері туралы» Қазақстан Республикасының Заңына, «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Қазақстан Республикасының Кодексіне, Қазақстан Республикасындағы адамгершілік-жыныстық тәрбие жөніндегі тұжырымдамаға және Қазақстан Республикасының 2020-2025 жылдарға арналған «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасына сәйкес іске асырылады» деп хабарлады ведомстводан.
Сонымен қатар, ҚР БҒМ хабарлауынша, мектеп оқушыларына репродуктивті денсаулық туралы қажетті білімді «Химия», «Биология», «Тіршілік қауіпсіздігі негіздері» және басқа да пәндер бағдарламалары шеңберінде алған.
Қорыта айтқанда, таратылған видео Ганада түсірілген, оны мектеп оқушыларына емес, медицина студенттеріне көрсеткен. Оның Қазақстанға қатысы жоқ. Демек, мұндай видеоларды біздің оқушыларға да көрсетуі мүмкін деген пікірлер жалған.