Оқушыға сексуалдық сипаттағы азғындық әрекеттер жасаған 23 жастағы Орал тұрғыны ұсталды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" polisia.kz cайтына сілтеме жасап.
Қолға түскен ер адам кінәсін мойындап, аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды.
БҚО полиция департаменті мәлім еткендей, оқиға тамыз айының ортасында қаладағы су қоймаларының бірінің маңында болған. 14 жасар қыздың анасы 3 қыркүйек күні полицияға шағым түсірген. Күдікті сол бойда анықталып, ұсталды.
Қазіргі кезде ҚР ҚК 124-бабы 1-бөліміне (көрінеу жас балаға қатысты күш қолданбай азғындық әрекеттер жасау) сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.
Аталған бап бойынша айыпты деп танылған адам белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан жеті жылдан он жылға дейінгі мерзімге айырыла отырып, бес жылдан он жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.