Гонконгтегі наразылық кезінде ұсталған Қазақстан азаматы уақытша оқшаулағышта отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Осыдан бір-екі күн бұрын 209 қазақстандық студенттің елге оралғанын хабарлаған болатынбыз. 32 студент Гонконгте қалуға өздері ниет білдірді. Өйткені, олар өздерін қауіпсіз сезініп отыр. 17 студент жақын арада қайтамыз деп шешті. Айта кету керек, Гонконгте арнайы төтенше жағдай енгізілген жоқ. Сондықтан, басқа туристер немесе Қазақстан азаматтары ол жерде бола береді», - деді ҚР СІМ ресми өкілі Айбек Смадияров ведомствода өткен баспасөз мәслихатында өткен баспасөз мәслихатында.
Айбек Смадияровтың айтуынша, ҚР СІМ-нің өткен аптадағы үндеуі сол жақтағы студенттерге арналған.
«Оқу келесі жылдың қаңтарына дейін тоқтатылды. Онлайн-режімде сабақ оқи беруге болады. Алайда біздің азаматтар сол жерде қалған жағдайда төтенше жағдайға тап болып жатса, біздің Бас консулға міндетті түрде хабарласу керек. Қай көшеде наразылықтың болып жатқанын біздің консулдың веб-сайтынан көруге болады», - деді ол.
ҚР СІМ ресми өкілі сонымен қатар, сол жақта тұтқынға алынған қазақстандық студент туралы да сөз етті.
«Қазіргі таңда тергеу жүріп жатыр. Әке-шешесі Гонконгке бүгін ұшып келді. Біздің дипломаттар бірнеше рет ол жігітпен кездесті. Тергеу оқшаулағышындағы ұстау жағдайына ешқандай шағым жоқ. Денсаулығы жақсы. Оған қажетті заттардың бәрі апарылды. Адвокат табылды. Енді тергеу нәтижесін күтеміз. Ол бірінші курстың студенті. Оған әлі ешқандай айып тағылмады», - деді ол.
Еске сала кетсек, Гонконг қаласында наразылар мен полиция арасындағы қақтығыс кезінде Қазақстан азаматы ұсталғаны хабарланған болатын.
«Гонконг қаласы полициясының қазақстандық дипломаттарға ұсынған ақпаратына сәйкес, 18 қараша күні наразылық танытушылармен қақтығыс барысында Қазақстан азаматы, Гонконг Баптист университетінің бірінші курс студенті Нүкпи Әбілқайыр ұсталған. Консул азаматымызға барды, оның денсаулық жай-күйі тұрақты, оң қолының шынтағында ұстау кезінде құлағат сәтте алған аздаған жарақаты бар. Ұсталу жағдайына ешқандай шағымы жоқ», - деп атап өткен еді министрліктен.
Бұған дейін Қазақстанның Гонконгтегі Бас консулдығы Гонконгтегі (ҚХР) жағдайдың шиеленісуіне және жаппай наразылық акцияларының жалғасуына байланысты еліміздің азаматтарына қалада қалыптасқан төтенше жағдайды ескеруді өтінген болатын.
Бұған қоса ҚР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров сол жақтағы қазақстандық студенттерді елге оралуға шақырған еді.