Одессаның іргесінде Ресей күштерінің әуе шабуылынан қираған үй мен ондағы адамдарды іздеп жүрген құтқарушылар. Украина, 1 шілде 2022 жыл.
Украина билігі өткен түні Одесса қаласының шетіндегі тұрғын үй мен демалыс орнын атқылаған Ресей күштерінің әуе шабуылынан кемінде 18 адам қаза тауып, 30-дан астамы жараланғанын хабарлады, деп жазады Азаттық.
"1 шілдеде түнгі сағат бірдің шамасында Белгород-Днестров ауданындағы қала типтес кентте зымыран соққысынан тоғыз қабат тұрғын үй ішінара бүлініп, оған жапсарлас салынған дүкен өртенді" деп хабарлады Украинаның төтенше жағдайлар жөніндегі мемлекеттік қызметі. Әуе шабуылы салдарынан 16 адам мерт болып, 30-ға жуық адам жараланған. Қираған ғимарат астында қалған жеті адам (үшеуі – бала) құтқарылған.
Екінші зымыран түскен сол маңдағы демалыс орнынан кейінірек тағы бір ересек адам мен бір бала өлі табылған. Зымырандар түскен жерде құтқарушылар жұмыс істеп жатыр.
Украинаның "Оңтүстік" басшылығының хабарлауынша, көпқабатты тұрғын үй мен демалыс орнын Ресейдің Ту-22 стратегиялық бомбалаушы ұшағы үш Х-22 зымыранымен атқан.
Ресей қорғаныс министрлігі Одесса маңына жасалған бұл әуе шабуылы туралы әзірге ештеңе айтпады.
Осы оқиғаның қарсаңында БҰҰ Украинадағы соғыста қаза тапқан бейбіт адамдар туралы баяндамасын жариялаған. Ресей Украинаға басып кірген 24 ақпаннан бері БҰҰ сарапшылары Украинаның 30-дан астам қаласында 3924 бейбіт адам өліп, 4444 адам жараланғанын анықтаған. Алайда бұл цифр мұнан әлдеқайда көп болуы мүмкін, өйткені толық растай алатын жағдайлар ғана қамтылған.
Айта кетейік, Одессаның іргесіндегі әуе шабуылы Ресей қорғаныс министрлігі Қара теңіздегі Украинаның Змеиный аралынан өз әскерін шығарғанын растаған күннің ертесіне жасалды. Министрлік "Змеиный аралындағы тапсырманы аяқтап, ізгі ерік-жігер қадамы ретінде ондағы гарнизонды шығарғанын" мәлімдеген. Украина әскерилері өздері атқылағаннан кейін ресейліктердің аралдан "әскерінің қалған бөлігін екі қайықпен асығыс-үсігіс әкеткенін" хабарлаған. Қара теңіздің солтүстік-батысында орналасқан Змеиный аралы Украинаның Одесса облысы жағалауы мен Одесса қаласының портына баратын теңіз жолын бақылауда ұстау үшін маңызды нысан саналады.