09 жел, 2019 сағат 15:11

Нью-Йорк полициясынан Қазақстан азаматының ұсталғандығы туралы ресми ақпарат түскен жоқ - ҚР СІМ

Нью-Йорк полициясынан Қазақстан азаматының ұсталғандығы туралы ресми ақпарат түскен жоқ. Бұл туралы бүгін ҚР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Нью-Йоркте Қазақстан аумағында іздеуде жүрген қазақстандық азаматтың ұсталғандығы туралы ақпаратқа орай мынаны айтқым келеді. Әзірше, Нью-Йорк полициясынан ресми ақпарат бізге келіп түскен жоқ», - деді ресми өкіл.

Оның атап өтуінше, қазіргі уақытта америкалық тарап заңсыз көші-қонмен күрес жүргізіп жатыр және ел аумағында жүрген заңсыз мигранттарды анықтау үшін үнемі рейдтер өткізіп тұрады.

«Кейде америкалық полиция біздің азаматтарды ұстағанымен мән-жай анықталғаннан соң жібере салады. Алайда оны біздің дипломатиялық өкілдігімізге хабарламайды. Осындай да жайт орын алуы мүмкін», - деді Айбек Смадияров.

Бұған дейін АҚШ-тың Нью-Йорк қаласындағы Көші-қон және кеден басқармасының қызметкерлері 12 шетелдік қашқынды ұстағанын, оның арасында Қазақстан азаматы да бар екендігін хабарлаған болатынбыз.