18 қаз, 2019 сағат 14:01

Нығматулин: Ұлт жоспарының орындалуы - Nur Otan фракциясының бақылауында

Мәжіліс Төрағасы, Nur Otan партиясы фракциясының жетекшісі Нұрлан Нығматулин Қазақстанның Тұңғыш Президенті, партия Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевқа партия мен мемлекеттің негізгі бағдарламаларын жүзеге асырудағы парламенттік фракцияның жұмысы туралы баяндады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Ақордаға сілтеме жасап.

Мәжілісте Елбасының төрағалығымен өткен кеңейтілген отырыста Nur Otan партиясы фракциясының мүше-депутаттары, сондай-ақ Үкімет мүшелерінің қатысуымен «Қазақстан-2021: Бірлік. Тұрақтылық. Жасампаздық» атты партияның сайлауалды бағдарламасы және «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының орындалу барысы қаралды.

Сайлауалды бағдарлама туралы баяндаған Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин, Парламент партияның сайлау алдындағы міндеттемелерін орындауға бағытталған 72 заң қабылдағанын атап өтті.

Бүгінгі таңда 112 міндеттеменің 31-і толық орындалды, 75-і орындалуда, 6-ы фракция мен Үкіметтің ерекше бақылауында.

Сонымен қатар алдағы үш жылға арналған республикалық бюджет жобасы қазіргі уақытта депутаттар жұмысында, ал депутаттық корпус партияның қалған сайлау міндеттемелерін қаржыландыруды қамтамасыз ету үшін жұмыс істеп жатқанына тоқталды.

Нұрлан Нығматулиннің айтуынша, партияның Сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыру Палата мен Үкіметтің үнемі бақылауында.

Сондай-ақ, парламенттік фракция «Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің бес институционалды реформасын жүзеге асырудағы 100 нақты қадам» Ұлт жоспарының орындалу барысына талдау жасады.

Талдау нәтижелері бойынша 58 кезең аяқталды, 42 - орындау сатысында.

Мәжіліс Төрағасы парламенттік фракция барлық мемлекеттік бағдарламалардың да орындалуын қатаң бақылауға алғанына назар аударды.

Мәжілістің бейінді комитеттері өз бағыттары бойынша, ең алдымен, индустриялық – инновациялық даму, «Нұрлы жол» инфрақұрылымын дамыту және «Нұрлы жер» тұрғын үй құрылысы бағдарламалары сияқты маңызды мемлекеттік бағдарламалардың орындалуын бақылайтынын жеткізді.

Сонымен қатар, Нұрлан Нығматулин партияның сайлауалды бағдарламасының көрсеткіштері мен мемлекеттік бағдарламалар арасындағы нақты сәйкестіктің қажеттілігіне назар аударды.

Мәжіліс Төрағасы атап өткендей, бақылауды күшейту үшін фракцияның жұмысы да қайта жасақталды.

Фракциямен жұмыс істейтін барлық кеңестердің орнына барлық Бюджет қаражатының жұмсалуына жүйелі бақылауды қамтамасыз ететін комиссия қалдырылды. Бұл жұмыс сапасын арттыруға ықпал етеді.

Мәжіліс Төрағасының айтуынша, Қазақстанның Тұңғыш Президенті - Елбасының тапсырмасына сәйкес депутаттар Бюджет кодексіне мемлекеттік органдардың бірінші басшылары мен бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің бюджет қаражатын тиімсіз жоспарлау мен жұмсағаны үшін жауапкершіліктерін қарастыратын түзетулер енгізді.

Сондай-ақ, Нұрлан Нығматулин Мәжілістің ресми сайтындағы жеке парақшаларында онлайн-қабылдау арқылы депутаттармен сайлаушылармен жұмыс жандана түскенін атап өтті.

Нұрлан Нығматулин сонымен бірге депутаттар Мәжілістің ресми сайтындағы жеке парақшаларында онлайн режимінде қабылдау арқылы сайлаушылармен жұмысты жандандырғанын атап өтті.

Бұдан басқа, сессияның басынан бастап Мәжілістің жалпы отырыстары ғана емес, жұмыс топтарындағы, сондай-ақ Палата комитеттерінің мәжілістеріндегі заң жобалары бойынша депутаттық корпустың бүкіл жұмысы онлайн режимінде көрсетіледі.

Біз сіздің барлық бастамаларыңыз бен стратегиялық идеяларыңыздың белсенді жүргізушісі болуға дайынбыз. Сіздің барлық тапсырмаларыңыз, ең маңызды мемлекеттік бағдарламалар, әдеттегідей, қажетті заңнамалық қолдауға ие. Сіз қойған барлық міндеттер жүзеге асырылады, - деді Нұрлан Нығматулин Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы, партия Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевқа.