Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин Армения Ұлттық Жиналысының төрағасы Арарат Мирзоянмен парламентаралық ынтымақтастықты нығайту мәселелерін талқылады, – деп хабарлайды «Ұлт ақпарат».
Н.Нығматулин мен А.Мирзоянның кездесуі осы күндері Ереванда өтіп жатқан, ҰҚШҰ Парламенттік Ассамблеясы аясында өтті.
«Өзара тиімді әріптестік пен сенім негізінде дамып келе жатқан қазақстандық-армяндық қатынасқа баса назар аудара келіп, Нұрлан Нығматулин Қазақстан басшылығы барлық салада екіжақты іс-қимылды дамытуға баса көңіл бөлетінін атап өтті» делінген хабарламада.
Мәжіліс спикерінің пікірінше, Еуразиялық Экономикалық одақ аясында бірлескен жұмыс сауда-экономикалық байланысты тереңдетуге жол ашады.
Қазақстандық-армяндық парламентаралық қарым-қатынас туралы сөз еткенде Мәжіліс төрағасы алдағы еуразиялық интеграцияны заңнамалық қамтамасыз ету жолындағы бірлескен жұмысқа көңіл бөлді. Нұрлан Нығматулин сондай-ақ, өз әріптесіне заңнамалық қызмет бойынша тәжірибе алмасу үшін ынтымақтастық жөніндегі топтар мен бейінді комитеттер әлеуетін кеңінен пайдалануды ұсынды.
Кездесу барысында тараптар ҰҚШҰ ПА аясында өзара іс-қимылды күшейтуге қатысты сұрақтарды да талқылады. Арарат Мирзоян атап өткендей, парламентшілердің бірлескен жұмысы қазіргі заманғы ең өзекті сұрақтардың шешімін табуға мүмкіндік береді.