Кәсіптік стандарттар міндетті түрде дуальды оқыту жүйесінде пайдаланылуға тиіс. Бұл туралы бүгін ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Бүгінгі таңдағы өзекті мәселенің бірі – болашақ түлектің еңбек нарығында сұранысқа ие болуы. Біздің алдағы міндетіміз – Білім және ғылым министрлігімен бірлесіп кадр даярлау жүйесін жұмыс берушілердің талаптарына бейімдеу және кәсіптік стандарттар негізінде білім беру бағдарламаларын әзірлеуді бастау. Бұл ретте кәсіптік стандарттар міндетті түрде дуальдық оқыту жүйесінде пайдаланылуы тиіс. Сонымен қатар, жұмыскерлерді сертификаттау және біліктілігін растау - маңызды мәселенің бірі болып отыр», - деді министр ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Кәсіптік стандарттар әзірлеу мәселелері жөніндегі ұлттық кеңес отырысында.
Оның атап өтуінше, бүгінгі күні мамандарды сертификаттау жұмысы жеке-жеке жүргізіледі. Сертификаттау орталықтарына бірыңғай талаптар қойылмаған және біліктілікті тану тәртібі бекітілмеген. Жалпы әдіснамалық құралдар жоқ. Осының бәрі Қазақстанда біліктілікті тануды қиындатып отыр.
«Министрлік бірыңғай сертификаттау және біліктілікті тану жүйесіне көшуді қамтамасыз ету бойынша жұмысты бастады. Мемлекеттік органдар мен салалық қауымдастықтар берген ұсыныстар негізінде реттелетін кәсіптер тізілімінің жобасы әзірленіп, оған шамамен 43 кәсіп енгізілді. Сонымен қатар, Ұлттық біліктілік жүйесін басқарудың 3 сатылы моделін қалыптастыру мәселесі пысықталуда. Атап айтқанда: Біліктілік жөніндегі ұлттық кеңес; Ұлттық біліктілік органы, салалық кеңестер. Бұларды нормативтік тұрғыдан бекіту жөнінде ұсыныстар Үкіметке осы жылдың соңына дейін енгізіледі», - деді Біржан Нұрымбетов.