Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов кез келген ғимараттың құрылысын бастарда ең алдымен оның мүгедек жандарға жайлылығын ескеру керектігін айтып өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Мүмкіндігі шектеулі жандарға біздің елімізде біршама жағдай жасалып жатыр. Жәрдемақысы төленіп, басқа да шаралар қолға алынып жатқанымен, бұл жеткіліксіз. Мысалы, 2025 жылға дейінгі Ұлттық жоспардың қабылданғанынан хабардар шығарсыздар. Соның жеті бағыты бар. Ең бастысы, мүмкіндігі шектеулі жандарға қолжетімді ортаны қалыптастыру керек. Қазір біз бір мүгедек жанға жұмыс тауып беріп жатсақ, әлгі адам ғимаратқа кіре алмай қиындыққа тап болады. Ғимараттың бәрінде лифт жоқ. Сондықтан, бұл жерде жұмыс берушінің де жауапкершілігі бар», - деді Біржан Нұрымбетов «Nur Otan» партиясының республикалық қоғамдық қабылдауына келген «Мирас» қорының президенті Жүзбай Серікұлымен кездесу барысында.
Оның айтуынша, әлеуметтік сала қызметкерлері мүгедек жандарға кез келген ғимаратқа оңай кіре алуын тексерген. Нәтижесінде біршама жұмыс берушіге айыппұл да салынған.
«Әйтсе де, мәселе айыппұл салумен шешілмейді. Ең алдымен, қоғамның пікірін өзгерту керек. Кез келген құрылысты бастаған кезде осы талаптар бірінші кезекте қойылуы керек. Мүгедектер арбасымен келетіндер, зағип жандар бар. Бағдаршам мен жаяу жүргіншілер жолында да оларға тиісті жағдай жасалуы тиіс. Жоспарға сәйкес, соның бәрін ретке келтіру мәселесі бойынша жұмыс жүргіземіз. 2019 жылға осы бағытта 18 млрд теңге қаражат бөлінді. Сондықтан, бұл проблеманың барын білемін», - деді Біржан Нұрымбетов.
Айта кетсек, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрімен бүгінгі кездесу барысында «Мирас» қорының президенті Жүзбай Серікұлы Зағиптар үйінің жобасын таныстырған болатын.