27 қар, 2019 сағат 10:13

Нұрбах Рүстемов Румыния Президентіне сенім грамоталарын табыс етті

Бухарест қаласында Қазақстан Республикасының Румыниядағы Елшісі Нұрбах Рүстемовтың Румынияның Президенті Клаус Йоханниске сенім грамоталарын тапсыру рәсімі өтті, – деп хабарлайды «Ұлт ақпарат» ҚР Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Аталған кездесу барысында Қазақстанның Елшісі Президентті қайта сайлануымен құттықтап, ұзақ мерзімді және өзара тиімді ынтымақтастықты нығайту мен дамыту жөніндегі оның қолдауына үміт білдірді.

Сонымен қатар, қазақстандық дипломат Қазақстан Республикасы Президентінің атынан Румынияның Мемлекет басшысына шынайы тілектерін жеткізді.

Бұл ретте, Румынияның Президенті қазақстан-румындық қатынастарын сапалы жаңа деңгейге шығару үшін әлеует бар екенін атап өтті. Осыған байланысты, көптеген салаларда екіжақты байланыстарды тереңдету жөнінде сенімді қадамдар жасауға шақырды.

Кездесу соңында К. Йоханнис, ҚР Елшісін қызметке кірісуімен құттықтап, алдағы уақытта да табыс тіледі.