Елордада пәтерден 20 млн теңгенің затын ұрлап кетті деген күдікпен шетел азаматы ұсталды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Жедел іздестіру шараларын жүргізу барысында пәтерден зергерлік бұйымдар мен танымал брендтердің киім-кешегін қолды қылған Өзбекстан Республикасының азаматы ұсталды. Тергеу барысында әйелдің пәтерге үй иесінің шақыруымен келгені анықталды. Ол ер адамның сеніміне кірген. Келтірілген шығын көлемі – 20 миллион теңге. Ұрланған заттардың ішінде қымбат тұратын швейцар қолсағаты, әшекей бұйымдар, киім мен басқа да заттар бар», - деп хабарлайды қалалық Полиция департаментінің баспасөз қызметінен.
Ведомство мәліметінше, күдікті пәтер ұрлығын жасағанын мойындаған. Қазір ол уақытша оқшаулағышта отыр. ҚР ҚК-нің 188-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Шетел азаматының басқа да қылмыстарға қатысы бар-жоғы анықталуда.