Полицейлер, әкімдік және қалалық орта сапасы және бақылау басқармасы өкілдерінен құралған мобильді топтар карантин ережесін бұзу фактілерін анықтауды жалғастырып жатыр, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Нұр-Сұлтан қаласының Полиция департаментіне сілтеме жасап.
Өткен түні мобильді топ 175 кәсіпкерлік субъектісін тексерді. Тексеру барысында карантин тәртібін бұзған 9 мекеме анықталды. Олардың ішінде дүкен, кафе-бар және спа салондар бар.
Бектұров көшесінде орналасқан «Sabai» спа-салоны карантин ережелеріне қарамастан жұмыс уақытының тәртібін бұзып, түнгі 23:50-де бірнеше әйелді қабылдаған.
Клиенттерден бөлек, салонда жұмысшылар, әкімші және мекеменің директоры болған.
Салонның иесіне қатысты жиналған материал ҚР ӘҚБтК 425-бабы бойынша әкімшілік іс қозғау үшін Қалалық орта сапасы және бақылау басқармасына жіберілді.
Нұр-Сұлтан қаласының полиция департаменті кәсіпкерлерді карантин ережесіне жауапкершілікпен қарауға және оны сақтамаған жағдайда сот шешімімен мекеменің қызметі тоқтатылуы мүмкін екенін ескертеді.