Өткен демалыс күндері елордада карантин режимін бұзған 10 нысан анықталды. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қалалық Полиция департаментінен мәлім етті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Ведомство ақпаратына сәйкес, құрамында әкімдіктің, Нұр-Сұлтан қалалық Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің өкілдері, полиция қызметкерлері бар мобильді топ карантин шараларының сақталуын қадағалау үшін жүзден астам кәсіпкерлік субъектісін тексеріп шыққан. Нәтижесінде карантин режимін бұзған мейрамхана, дәмхана-бар, дүкен сынды 10 нысанды анықтаған.
«Атап айтқанда, Балқантау көшесі бойындағы «Бақсарай» мейрамханасын тексеру барысында екі күн қатарынан 50 жасқа толу мерейтойы мен үйлену тойының өткені анықталды. Бірінші күні қолданыстағы тыйымға қарамастан, мейрахана залы қонақтарға лық толы болған және карантин шаралары сақталмаған. 80-нен астам қонақ ән салып, би билеп, шектеулерді елемей көңіл көтерген. Екінші күні де дәл осы жерде үйлену тойы өтіп жатқан. Мобильді топ келгеннен кейін тойға жиналғандар тез арада тарап кетті», - делінген департамент ақпаратында.
Шектеу шараларын бұзғандардың үстінен материал жинақталып, ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 425-бабымен оларды жауапқа тарту үшін қалалық Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментіне жіберілді.