Елорданың мониторингтік топтары күніне қаланың 100-ден астам кәсіпкерлік нысанын тексереді, оның барысында ондаған мекемеде карантин режимі бұзылғаны анықталады.
Өткен тәулікте, яғни 1 қыркүйекте 8 мекемеде шектеу талаптары сақталған жоқ, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Нұр-Сұлтан әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Есіл ауданында карантин бұзушылар тізіміне үш қоғамдық тамақтану орны кірді: «Opus One» кафесі, «Мята» лаундж-бары, «Teqila» бары.
Сарыарқа ауданында орналасқан «Берлин» және «На мангале» кафелерінде карантин талаптары сақталған жоқ. Осыған ұқсас бұзушылық Байқоңыр ауданындағы «Respawn» компютерлік клубында да тіркелді.
Алматы ауданында белгіленген жұмыс режимін «Шампурок» кафесі мен «Мята» бары елемеді.
Тәртіп бұзушыларға қатысты жиналған материалдар әкімшілік шаралар қабылдау үшін санитариялық-эпидемиологиялық бақылау саласындағы тиісті уәкілетті органдарға тапсырылды.
Айта кету керек, елордадағы эпидемиологиялық ахуал тұрақсыз. Күн сайын КВИ жұқтырған жаңа науқастар анықталады. Осыған байланысты қала тұрғындары мен қонақтары, сондай-ақ Нұр-Сұлтан қаласының кәсіпкерлік нысандары санитарлық нормалар мен карантин талаптарын қатаң сақтауы керек.