Елордада бюджеттің атқарылуында елеулі кемшіліктер анықталды. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласы бойынша Тексеру комиссиясының төрағасы Иманжүсіп Ақпомбаев айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Тексеру комиссиясы тұрақты түрде елорда бюджетітің орындалуына мониторинг жүргізеді. Талдау көрсеткендей, елорда бюджетінің орындалуында елеулі кемшіліктер болған. Мәселен, бюджеттің шығыс бөлігінде өткен жылға қатысты бюджеттің орындалмауының жоғары деңгейі байқалады – 7,2 млрд теңге, алдыңғы жылы бұл көрсеткіш 2,6 млрд теңге болған еді», - деді И. Ақпомбаев Нұр-Сұлтан қаласының мәслихатында Бюджет, экономика, өнеркәсіп және кәсіпкерлік мәселелері жөніндегі тұрақты комиссияның отырысында.
Оның айтуынша, бюджет игерілмеуінің негізгі бөлігі құрылыс басқармасында байқалған. Бюджеттің орындалуы кезінде сын-тәуекелдер анықталмаған және 6 283,1 млн теңгені, оның ішінде дағдарысқа қарсы 3 955,3 млн теңгені игеру бойынша шара қабылданбаған.