Нұр-Сұлтанда арнайы жоспар құрылып, қаладан шығатын жолдарға бекеттер орнатылып, аса ауыр қылмыс жасаған күдіктіні ұстауға қатысты істің егжей-тегжейі белгілі болды, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Tengrinews.kz агенттігіне сілтеме жасап.
Елордалық Полиция департаменті мәліметінше, қаладағы пәтерлердің бірінде екі адам өлтірілген.
"16 қыркүйекте сағат 10.00-де "102" арнасына пәтерден 26 жастағы әйел мен 68 жастағы ер адамның мәйіті табылғаны туралы хабарлама келіп түсті. Бұл факт бойынша полиция қызметкерлері жедел-іздестіру шаралар кешенін жүргізді. Марқұм әйелмен бұрын бірге тұрған 34 жастағы ер адам күдікке ілінді.
Жұптар арасында жанжал туындап, күдікті оны пышақтап тастағаны анықталды. Әйелді қорғап, жанжалға араласқан 68 жастағы үй иесі де жарақат алған. Кейін ол қылмыс орнынан ізін суытқан.
Факт бойынша ҚР ҚК-ның 99-бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды, тергеу жүргізіліп жатыр. Күдікті Нұр-Сұлтан қаласының уақытша ұстау изоляторына қамалды", - делінген министрліктің баспасөз хабарламасында.