Nur Otan партиясы тарихи Отанына оралған қандастардың мәселесін шешуге үлес қосады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" «Отандастар қорының» баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
11 желтоқсан күні Нұр-Сұлтан қаласында «Nur Otan» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек пен «Отандастар қоры» КЕАҚ президенті Нұртай Әбіқаев және Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы төрағасының бірінші орынбасары Зауытбек Тұрысбеков өзара ынтымақтастық жөніндегі меморандумға қол қойды. Осы хаттамаға сәйкес, «Nur Otan» партиясы мен «Отандастар қоры» және Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы әріптестік қатынасты өрістетіп, бірлескен жобаларды жүзеге асырады.
«Алдағы уақытта «Nur Otan» партиясының қоғамдық қабылдаулары мен «Отандастар қорының» отандастарды ақпараттық қолдау орталығы арасындағы үйлестіру жұмыстарын жетілдіре түсу көзделіп отыр. Ақпараттық қолдау орталығының құрамына бірыңғай байланыс орталығы мен фронт офистер кіреді. Қордың бірыңғай байланыс орталығы мен қоғамдық қабылдауы қандастарға қажетті нормативті-құқықтық актілер бойынша ақпараттық және консультативтік кеңес беріп, туындаған мәселелердің оң шешілуіне нақты қолдау көрсетеді. Фронт-офистер Дүниежүзі қазақтары қауымдастығымен бірлесіп, қолға алынған жоба. Колл орталықтың ашылған күні 22 сәуірден бері 2640 қандасымыз қоңырау шалып, хабарласты. Фронт-офистерге 1587 қандасымыз қабылдауға келген. Онда қандастарымыз ҚР азаматтығын алу, көрсетілетін мемлекеттік қолдау шаралары, ҚР тұруға рұқсат беретін ықтияр хат, оралман мәртебесін алу, шеттегі қазақ диаспорасымен байланысты нығайту мәселелерін көтерген. Бұл мәселелердің барлығы дерлік ақпараттық байланыс орталығының тікелей ықпалымен тиісті мекемелер арқылы жедел шешімін тапты» делінген хабарламада.
Алдағы уақытта осы қызметті одан әрі тиімді ету үшін «Nur Otan» партиясының өңірлердегі қоғамдық қабылдауымен бірлесіп жұмыс жүргізу мәселелері қарастырылмақ. Партияның қоғамдық комиссиялары мен кеңестері арқылы жергілікті әкімшіліктердің қандастар көтерген мәселелерді оңтайлы шешуіне көмектесуге, ықпал етуге болады. Бұл қандастарға көрсетілетін көмектің сапасын жоғары деңгейге көтере түспек.
«Nur Otan» партиясының облыс орталықтары мен қалаларда, аудан орталықтарында филиалдары белсенді жұмыс істейді. Бұған қоса «Нұр Отан» партиясының қоғамдық саяси институты, «Жас Отан» жастар қанаты, Саяси менеджмент мектебі, NUR Media холдингі - өзіндік тәжірибесі қалыптасқан құрылымдар. Олардың жұртшылықпен кездесетін жан-жақты бағыттағы жиындар мен кездесулер,конференциялар өткізетін, пікір алмасатын түрлі алаңдары мен сараптамалық талдау орталықтары бар.
«Отандастар қоры» екіжақты ынтымақтастықты дамыта отырып, осы алаңдарды қандастарымыздың мәселелерін талқылауға, шешуге тиімді пайдалануға мүдделілік танытып отыр.