04 шіл, 2022 сағат 15:53

Нүкістегі тәртіпсіздіктер: қаза тапқандар саны белгілі болды


1-2 шілдеде Қарақалпақстан Республикасының астанасы Нүкіс қаласында болған тәртіпсіздіктер салдарынан 18 адам қаза тапты, деп хабарлады дүйсенбі күні Өзбекстан Бас прокуратурасының бөлім прокуроры Аброр Маматов. Бұл туралы Sputnik Қазақстан агенттігі жазды.

Бұған дейін 243 адам зардап шегіп, 94-і ауруханада жатқаны туралы хабарланған болатын.

Сондай-ақ екі күнде 516 адам ұсталған, олардың кейбірі босатылған.

Айта кетейік, 1 шілдеде Нүкіс қаласында Өзбекстан конституциясына түзетулер енгізуге қарсы жаппай шерулер өтті. Халық Қарақалпақстанды тәуелсіздік алу мүмкіндігінен айыратын өзгерісті қаламайтынын жеткізді. Оның соңы тәртіпсіздікке ұласты, полиция және қауіпсіздік күштерімен қақтығыс болып, қару қолданылған.

Ел билігі үшінші күштер араласып, өңірдегі билікті басып алуға әрекеттенгені туралы хабарлады.

Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиеев 3 шілдеден 2 тамызға дейін Қарақалпақстанда төтенше жағдай жариялап, коменданттық сағат енгізді.

Жексенбі күні Өзбекстан президенті тәртіпсіздіктер салдарынан бейбіт тұрғындар мен тәртіп сақшылары қаза тапқанын айтты. Селекторлық кеңесте Қарақалпақстандағы жағдай тұрақталғаны айтылды.