17 қаз, 2019 сағат 17:12

Назарбаева: Чехия - Қазақстанның Еуроодақтағы келешегі зор әріптестерінің бірі

Дариға Назарбаева Қазақстан мен Чехия арасындағы өзара тиімді ынтымақтастықты тереңдету туралы айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Сенаттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Парламент Сенатының Төрағасы Дариға Назарбаева Чехия Республикасы Парламенті Депутаттар палатасының Төрағасы Радек Вондрачекпен кездесу өткізді.

Тараптар ауыл шаруашылығы, көлік-транзит инфрақұрылымы, энергетика, фармацевтика, денсаулық сақтау және туризмді өрістету саласындағы бірлескен жобалардың келешегін талқылады.

Дариға Назарбаева кездесуді аша келіп, Чехия Қазақстанның Еуро Одақтағы келешегі зор сауда-инвестициялық әріптестерінің бірі екенін және осы елмен достық қатынасты тереңдетуге баса назар аударылатынын атап өтті. Сенат Басшысы Чехия кәсіпкерлерін Қазақстанмен ынтымақтастықты кеңейте түсуге шақырды.

«Қазақстан арқылы Азия мен Еуропа елдерін байланыстыратын 5 теміржол және 6 автокөлік бағдары өтеді. Сол себепті шекаралас елдермен жобаларды іске асырудың тұғыры ретінде Қазақстанды қарастыру мүмкіндігі бар», - деді Д.Назарбаева.

Чехия Республикасы Парламенті Депутаттар палатасының Төрағасы өз кезегінде Қазақстан мен Чехия арасындағы қатынастардың жоғары деңгейде екенін бағалады және оларды дамытудың зор әлеуетін атап өтті.

Радек Вондрачек сондай-ақ «Нұрлы жол» инфрақұрылымдық дамудың мемлекеттік бағдарламасын іске асырудың маңызын атап өтіп, екі ел арасындағы ынтымақтастықтың осы бағытын кеңейтуге мүдделілік білдірді.