15 қаз, 2019 сағат 17:28

Назарбаев ТМЫК мемлекет басшыларының VII саммитіне қатысты

Нұрсұлтан Назарбаев Түркітілдес мемлекеттер ынтымақтастығы кеңесіне мүше елдердің басшыларының 7-ші саммитіне қатысты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Еlbasy.kz ақпарат көзіне сілтеме жасап.

Нұрсұлтан Назарбаев саммитте Президент Шавкат Мирзиёевті және бүкіл өзбек халқын Түркі кеңесіне толыққанды мүше болуымен құттықтады.

– Кеңестің құрамына Өзбекстанның мүше болуы – бүкіл түркі тілдес қауымдастық үшін тарихи әрі көптен күткен оқиға, – деді Елбасы.

Сонымен қатар, Нұрсұлтан Назарбаев Будапештте Түркі кеңесінің өкілдігін ашу - ынтымақтастықтың Еуропа векторын дамытуда ерекше маңызды екенін атап өтті.

Сондай-ақ, Елбасы Қырғыз Республикасының Түркі кеңесіне төраға қызметіндегі жұмысын жоғары бағалады.

– Маған «Түркі Кеңесінің Құрметті Төрағасы» мәртебесін беру туралы ұсынысы үшін Президент Режеп Ердоғанға алғыс білдіремін. Осы бастаманы қолдағандарыңыз үшін баршаңызға ризамын. Бұл жоғары мәртебе маған ортақ ұйымымыздың жұмысына одан әрі белсенді қатысуға мүмкіндік береді, – деді Қазақстанның Тұңғыш Президенті.

Еске сала кетсек, бүгін Әзербайжан астанасында Түркітілдес мемлекеттер ынтымақтастық кеңесіне мүше мемлекеттер басшыларының 7-ші саммиті өтті.

Шараға ТМЫК елдерінің басшылары - Түркия Президенті Режеп Ердоған, Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиев, Қырғызстан Президенті Сооронбай Жээнбеков, сондай-ақ Қазақстанның Тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қатысты.

Биыл Қазақстан, Түркия, Әзербайжан және Қырғызстан президенттері қол қойған тарихи құжат – Нахчыван декларациясына тура 10 жыл толып отыр. 2009 жылы Әзербайжанның Нахчыван қаласында өткен Түркітілдес мемлекеттер басшыларының IX саммитінде Нахчыван декларациясына қол қойылды. Осылайша, Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Түркі кеңесін құру идеясы іске асқан еді.