Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Ресей Президенті Владимир Путин кездесті. Бұл туралы Елбасының баспасөз хатшысы Айдос Үкібай Твиттерде жазды.
«Нұрсұлтан Назарбаев пен Владимир Путиннің «тет-а-тет» форматтағы кездесуі басталды. Келіссөз бойынша толығырақ ақпарат Elbasy.kz сайтында жарияланады», - делінген хабарламада.
Санкт-Петербургке Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев та барған болатын.
Кездесу барысында ТМД елдерінің көшбасшылары Достастық шеңберіндегі бірлескен жұмыс қорытындыларын, көпжақты өзара іс-қимылды дамыту және Ұйым қызметінің тиімділігін арттыру перспективаларын талқылайды деп жоспарланған. Сондай-ақ, халықаралық және өңірлік күн тәртібіндегі өзекті мәселелер де сөз болады.
ТМД-ға мүше мемлекет басшыларының бейресми саммиті бүгін, 28 желтоқсанда Санкт-Петербургте өтеді. Кремль сайтында бейресми кездесудің бастамашысы Ресей президенті Владимир Путин болғаны жазылған.