Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев ҰҚК-ның экс-басшысы Кәрім Мәсімовтың ұсталуына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан саясаттанушы Данияр Әшімбаевтың Telegram-арнасына сілтеме жасап.
Саясаттанушы Елбасы кеңсесіне бірнеше сұрақ жіберген. Нұрсұлтан Назарбаев өзі хабарласып, сауалдарына телефон арқылы жауап берді. Соның ішінде Назарбаев университеті және оның үстінен қарайтын қорға қатысты мәселе де бар.
"Қор білім беру мәселелерімен ғана емес, инвестициялық қызметпен де айналысады, тіпті белгілі бір қаржы институттарымен байланысы бар деген ақпарат тарады. Сіздің сол ұйымдарда рөліңіз қандай?", - деп сұрады Әшімбаев.
Назарбаев 2011 жылы өз қолымен арнайы заңға қол қойғанын еске салды. Оған сәйкес, Назарбаев қоры – коммерциялық емес ұйым. Оны Назарбаев университеті мен Зияткерлік мектептерді қаржыландыру үшін ғана құрған.
"Бүгінде көптеген университетте эндаумент қорлар бар. Біздің қорымыз да сондай. Ал Назарбаев университетінің қаржысын басқару мәселелерімен, инвестициялық қызметімен, соның ішінде бөлек қаржы институттарымен байланысты жұмыспен жоғары оқу орнының қамқоршылық кеңесі айналысқан. Кеңес төрағалығына сол кезде премьер-министр болған Кәрім Мәсімов тағайындалды", - дейді Назарбаев.
Оның айтуынша, кеңес төрағасы қызметіне жоғары оқу орны мен онымен байланысы бар ұйымдардың қаржылық қызметіне де жауапты болған.
"Дәл сол кісінің құзіретіне жоғары оқу орны мен онымен байланысы бар құрылымдардың қаржылық қызметі кірген. Арасына бөлек қаржы ұйымдары да кіріп кетті. Қазір Кәрім Мәсімовке қатысты тергеу шаралары жүргізіліп жатыр. Құқық қорғау органдары оның осы бағыттағы жұмысын зерделеп шығады деп ойлаймын", - деді Назарбаев.
Бұдан бөлек, Нұрсұлтан Назарбаев қоры бар. 2000 жылы құрылған ұйым білім беру, мәдени-әлеуметтік, халықаралық және қайырымдылық қызметпен айналысады.