Коронавирус жұқтырған науқаспен байланыста болған адамдар 2 апта вакцина алмай күтуі керек. Бұл туралы Республикалық диагностикалық орталықтың клиникалық иммунология, аллергология және пульмонология бөлімінің меңгерушісі, медицина ғылымдарының докторы Елена Ковзел айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Коронавируспен ауыруы мүмкін науқаспен байланыста болсаңыз, екі апта күту ұсынылады. Содан кейін ғана вакцина алуыңызға болады. Осы уақыттың ішінде вирустың дамымағанын және инфекция жоқ екенін түсінуге болады. Екі аптада өзгеріс байқалмаса, сізге ПТР-тест тапсыру қажет емес деген сөз. Ал коронавирусты өткергендерге нақты айтылған. Тек 6 айдан кейін ғана вакцина алуға болады. Егер індет жұқтырдым-ау деп күмәндансаңыз, ПТР-тест тапсыра аласыз», - деді маман.
Медицина ғылымдарының докторы зертханалардың антидене мөлшері туралы беретін деректеріне мұқият қарау керектігін айтады.
«Бір тест бойынша референт көрсеткіші басқа тест бойынша көрсеткішке сәйкес келмей жатады. Қазір Қазақстан нарығында 10 мыңнан астам тест-жүйе бар. Ал антидене деңгейі бойынша ресми көрсеткіштер жоқ. Соңғы сынақтардың нәтижелеріне сүйенсек, антидене көрсеткіші 50-60 -тан асса, қорғаныс деңгейі бар болғаны», – дейді Елена Ковзель.