30 қыр, 2024 сағат 10:48

"Мұрын бітеліп, таңдай мен тамақ қышиды": Алматылықтар аллергия белгілеріне жаппай шағымдануда

Фото: ашық дереккөз

Алматы дәрігерлері аллергияның өршігенін айтып, дабыл қақты. Айтуларынша, қалада үнемі түшкіретін және жөтелетін адамдардың саны күрт өскен. Көптеген адамдар қышу, қызару, ісіну және тыныс алудың қиындауына шағымданып жатыр екен. Бұл туралы "Ұлт ақпарат" КТК арнасына сілтеме жасап хабарлайды. 

Бірнеше күннің ішінде аллергологтарға келушілердің саны екі есеге артқан. Назарбек Әуесхан бұл дерттен сегіз жылдан бері зардап шегіп келеді. 

"Басында тек мұрынның бітелуі мен тамақта аздап жөтел сияқты болды. Бірақ кейін көздерім қатты қызарып, таңдайым қыши бастады. Бұл менде аллергияның типтік белгілері. Достарымнан сұрап көріп едім, оларда да кенеттен осындай белгілер пайда болыпты", — деп атап өтті ол.


Ал Шынар Әбзелбек созылмалы аллергиямен мүлде ауырмаған. Бірақ соңғы уақыттарда денсаулығы сыр берген. Серуен кезінде ол үнемі түшкіруді шығарған. 

"Шамамен екі апта бұрын менде үздіксіз түшкіру басталды. Сыртқа шықсам асқынады. Ғимаратта отырғанда аса байқалмайды. Сыртқа шыққанда бірден реакция пайда болады. Көздерім қышып, мұрным бітеледі. Тыныс алуым да қиындай түсті", – деді Шынар Әбзелбек.


Алматылық аллергологтар науқастардың көптігінен үлгермейді екен. Бір апта ішінде аурулардың саны екі есеге артқан. Мамандардың айтуынша аллергиялық реакцияларды көбіне арамшөптер қоздырады. Олар әдетте тамызға дейін гүлдейді. Бірақ биыл гүлдеу кешіккен.

"Біздің елде, әсіресе, қаламызда тозаңдық аллергияның негізгі себебі арамшөптер – полынь және амброзия. Олардың гүлдеу уақыты тамыз-қыркүйек айларына келеді. Бірақ биылғы жылы ерекше жаз болды. Шілде суық болды. Сондықтан гүлдену маусымы тамыздың соңына тіпті қыркүйекке ығысып отыр", – деді аллерголог дәрігер Теміржан Нұрпеисов.


Сарапшылардың айтуынша, Қазақстанда аллергия қаладағы халықтың шамамен жартысында байқалады. Стандартты белгілерге мұрын бітелуі, түшкіру, қышу және көздің қызаруы жатады. Жиі аллергиямен ауыратындар жөтел, тамақ қышуы және тыныс алудың бұзылуы секілді белгілермен келеді.

Алматыда аллергияның өршуі басталғаннан бері дәрігерлерге ерін, қабақтың ісінуі және астма ұстамаларымен көптеген адамдар жүгінуде. 

"Қазіргі уақытта көптеген науқастар маусымдық аллергиясының ауыр, кешіккен ағымына шағымдануда. Өз бетінше емделуді мүлдем ұсынбаймын. Алайда дәрігерге барғанша немесе жедел жәрдемнің келуін күткен кезде ескі жақсы антигистамин дәрілерін қабылдауға болады", – деді аллерголог дәрігер.


Дәрігердің кеңесінсіз дәрі қабылдау қатаң тыйым салынған. Әйтпесе, басқа органдардың аурулары пайда болуы мүмкін.