06 жел, 2019 сағат 14:18

Мұнай өнімдерін шетелге автокөлікпен шығаруға тыйым салынды

Энергетика вице-министрі Әсет Мағауовтың айтуынша, бұйрық Энергетика, Қаржы, Ішкі істер министрліктері және Ұлттық қауіпсіздік комитетімен бірлесе бекітіліп отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Жалпы мұнай өнімдері нарығында жағдай тұрақты. Жанар-жағар май станцияларында тапшылық байқалмайды. 2019 жылдың 3 желтоқсанындағы жағдай бойынша еліміздің мұнай базаларындағы жанар-жағар май қалдықтарының саны ішкі нарықтың қажеттілігін жабуға жеткілікті болып отыр. АИ-92 бензинінің қоры – 182,3 мың тонна (16 күнге), ал дизель отынының қоры – 210 мың тонна (17 күнге). Қазіргі өндіріс ішкі тұтыну сұранысын толығымен жабады», - деді Әсет Мағауов Үкіметтің баспасөз орталығында өткен брифинг барысында.

Вице-министрдің айтуынша, қазақстандық өндірістің жоғары октанды бензинін экспорттау үшін заңнамалық база толығымен дайындалған. Биыл маусым айынан қарашаға дейін 106,1 мың тонна экспортталған. Болашақта елдің елдің ішкі нарықтағы сұранысын қамтамасыз еткеннен кейін бос көлем болған жағдайда экспорт көлемін ұлғайту жоспарланып отыр.

«Бұл ретте шекаралас облыстарда мұнай өнімдерінің рұқсат етілмеген тасымалын болдырмау үшін Энергетика, Қаржы, Ішкі істер министрліктері Ұлттық қауіпсіздік комитетімен бірлесіп, мұнай өнімдерін автокөлікпен шығаруға тыйым салу туралы бұйрықты бекітті. 2019 жылдың 3 желтоқсанындағы жағдай бойынша республикада АИ-92 бензинінің орташа бөлшек сауда бағасы – 148,1 теңге, дизель отынына – 193,3 теңгені құрайды», - деді ол.