Заңға арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетудің тиімділігі арттыруға бағытталған қосымша нормалар енгізілді.
Бұл туралы Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында азаматтардың жекелеген санаттарын әлеуметтік қорғау мәселелері бойынша заң жобасын талқылау кезінде ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Шәпкенов мәлім етті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Заң жобасы аясында мүгедектігі бар балаға күтім жасау мерзімін 18 жасқа дейін ұзарту көзделіп отыр. Бұл жасына байланысты зейнетақы төлемдері мен базалық зейнетақыны тағайындауға оң әсерін тигізеді», - деді С. Шәпкенов.
Осы орайда ол қазіргі уақытта мүмкіндігі шектеулі баланы күту кезеңі 16 жасқа дейін ескерілгенін еске салды.
«Сонымен қатар, табысы аз отбасылардың балаларын кепілдендірілген әлеуметтік топтамамен қамтамасыз ету қарастырылған. Оған қоса арнаулы әлеуметтік қызметтердің тиімділігі және атаулылығын арттыратын өзге де қосымша нормалар көзделген», - деді министр.