30 қар, 2020 сағат 12:37

Мұқтаж отбасыларға ақша жинаған алаяқ ұсталды

Елордада мұқтаж отбасыларға көмек көрсету желеуімен ақша жинады деген күдікпен 21 жастағы алаяқ бойжеткен ұсталды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат"  Polisia.kz-ке сілтеме жасап.

Күдікті бұған дейін ҚР Қылмыстық кодексінің 189-бабымен қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Тергеу барысында ұсталған бойжеткеннің 2019 жылдың қаңтарынан бері интернет желісін пайдаланушыларға қатысты бірнеше рет алаяқтық жасағаны белгілі болып отыр. Мәселен, ол Instagram әлеуметтік желісінде аз қамтылған отбасыларға ақша жинау және қайырымдылық көрсету желеуімен «komissionka_nursultan» деп аталатын парақша ашқан. Аталған парақшаға жазылғандардың бірі бойжеткеннің әрекетінен күдіктенген. 

«Мұқтаж отбасыларға көмек көрсетуді шешкен ол бойжеткеннің банктік картасына 20 500 теңге ақша аударған. Зардап шегушінің айтуынша, біраз уақыт өткеннен кейін оның әрекетінен күдіктене бастаған. Көмек көрсету үшін мұқтаж отбасылармен кездестіру өтінішіне түрлі сылтау айтып, кейіннен байланысқа мүлдем шықпай қойған. Өзін алдап кеткенін түсінген зардап шегуші полицияға жүгінген», - делінген таратылған ақпаратта. 

Ұсталған күдікті алаяқтық жасағанын мойындап отыр. Қазіргі уақытта оның үстінен ҚР ҚК 190-бабы 2-бөлігі бойынша 10 эпизодпен сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Келтірілген жалпы шығын – 400 мың теңге.

Осыған орай Нұр-Сұлтан қаласының Полиция департаменті аталған қыздың алаяқтық әрекетінен зардап шекен азаматтарды Бейбітшілік көшесі, 19 мекенжайына келуге немесе 8 (7172) 41-63-35, 71-67-08 телефон нөмірлеріне хабарласуға өтініш жасап отыр.