ҚР Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді осы жылдың көктемінде Қазақстан мен Ресей шекарасында орын алған жүк көліктерінің кептелісіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Елордада Ресей Сыртқы істер министрі Сергей Лавровпен кездесуден кейінгі баспасөз мәслихаты барысында Мұхтар Тілеуберді мұндай проблеманың бар екендігін жасырмады. Оның айтуынша, бұл мәселе ресейлік тараппен талқыланған.
«Дегенмен, ол маусымдық сипатқа ие. Жалпы, Қазақстан мен Ресей шекарасында - 51, оның ішінде 30 автомобиль, 20 теміржол және 1 өзен арқылы өтетін пункт бар. Бұл, негізінен Орталық Азиядан Ресей бағытында жеміс-жидектер мен көкөністер тасымалы болатын көктем және жаз айларында орын алып жатады», - деді министр.
Оның атап өтуінше, жүк тасымалы артқан кезде мұндай қиындықтардың орын алатындығы бар.
«Бұған қоса, өткізу пункттерінің өткізу мүмкіндіктері де әртүрлі. Ал тасымалдаушылар жылдам жету үшін бағдарды өздері таңдайды. Сондықтан белгілі бір пунктте кептеліс орын алып жатады. Бұл мәселе 7 қарашада Омбыда өтетін Өңіраралық ынтымақтастық форумында қосымша талқыланатын болады», - деді ол.
Сонымен қатар БАҚ өкілдері Мұхтар Тілеубердіден «Қазақстандық тауарлардың ресейлік нарықта түрлі тосқауылға ұшырауы талқыланды ма?» деген сұрақ қойды.
«Иә, бұл мәселе талқыланды. Оны Еуразиялық экономикалық одақ аясында, еркін сауда ережелеріне сәйкес шешу қажет деген ортақ ұстанымымыз бар. Бұл мәселе де 15 қазан күні елордамызда – Нұр-Сұлтан қаласында өтетін Қазақстан-Ресей Үкіметаралық кеңесінің отырысында талқыланатынын күтіп отырмыз», - деп жауап берді министр.