09 жел, 2019 сағат 15:26

Мұхтар Тілеуберді АҚШ-қа ресми сапармен барады

ҚР Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді АҚШ-қа ресми сапармен барады. Бұл туралы бүгін ҚР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«12-13 желтоқсанда ҚР Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеубердінің Америка тарапының шақыруымен АҚШ-қа ресми сапары жоспарланған. Сапар аясында осы елдің мемлекеттік хатшысы Майкл Помпео, Үкімет, АҚШ конгресі және Дүниежүзілік банктің ресми өкілдерімен кездесулер қарастырылған. Жоспарланған келісссөздер барысында екіжақты және өңірлік күнтәртіптегі кең ауқымды мәселелер талқыланатын болады», - деді Айбек Смадияров.

Сондай-ақ, министр Испанияға сапармен барады деп күтілуде.

«ҚР Сыртқы істер министрі 15-16 желтоқсан күндері Мадрид қаласында «Азия-Еуропа» форумына қатысушы елдердің Сыртқы істер министрлерінің «Азия мен Еуропа – тиімді көпжақтылық үшін бірге» тақырыбына арналған 14-ші кеңесіне қатысады. Іс-шараға Азия мен Еуропаның, сондай-ақ Еуропалық одақ пен АСЕАН-ның 51 елінің сыртқы саяси ведомство басшыларының қатысуы жоспарланған», - деді ресми өкіл.

Оның айтуынша, форум барысында халықаралық күн тәртіптегі ең өзекті мәселелер, соның ішінде Азия мен Еуропа елдері арасындағы өзара байланысты нығайту, тұрақты даму, климаттың өзгеруі, ядролық қаруды таратпау, киберқауіпсіздік, Сириядағы, Ауғанстандағы жағдайлар және басқа да өзекті мәселелер талқыланады.

«Қазақстан СІМ басшысының Сыртқы істер министрлері кеңесі алаңында «Азия-Еуропа» форумына қатысушы елдердің сыртқы саяси ведомстволарының басшыларымен бірқатар екіжақты кездесуі жоспарланған», - деді Айбек Смадияров.