25 қаң, 2021 сағат 16:18

Мүгедек қыздың зорлануына қатысты шағым: Министрлік Шымкенттің әлеуметтік орталығын тексереді

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Шыкенттегі әлеуметтік орталықта І топтағы мүгедек қызының зорланып келгенін айтқан ананың шағымынан кейін аталмыш мекемеге жоспардан тыс тексеріс жасайды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің бастамасымен Шымкент қаласы әкімдігінің «№2 арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығы» КММ-де арнаулы әлеуметтік қызметтердің сапасын тексеру мақсатында мониторингілік топ құрылады.

Мониторингілік топтың құрамына бейінді мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың, қоғамдық бірлестіктердің және өзгелердің өкілдері кіреді.

Комиссия қамқорлыққа алынғандарға қатысты тұру, тамақтану, төсек-орын жабдықтарымен, киіммен және міндетті гигиеналық құралдармен қамтамасыз етілу жөніндегі стандарттардың сақталуын, сондай-ақ көрсетілетін әлеуметтік-медициналық қызметтердің сапасын тексереді.

Шымкент қаласының тұрғыны Әлия Мамутованың Instagram-паблигіндегі үндеухаты тексеру жүргізуге негіз болды. Әйел І топтағы мүгедек қызы мекемеде 7 жыл бойы зорланғанын хабарлады. Оның айтуынша, қызы есінен танып қалған кезде оны пайдаланған, қыз эпилепсиядан зардап шегеді», - делінген Еңбек министрлігінің ақпаратында.

Айта кетейік, қазіргі уақытта аталған факті бойынша ҚР ҚК-нің «Бірнеше рет жасалған зорлау» бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу жұмыстары жүргізілуде. 

Ведомстводан мәлім еткендей, тексеру нәтижелері туралы қосымша хабарланатын болады.