30 қаз, 2019 сағат 10:22

Моңғолияның 5 азаматы Қазақстанда жазасын өтеп жатыр

ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында «Қазақстан мен Моңғолия арасындағы сотталған адамдарды беру туралы шартты ратификациялау туралы» заң жобасы мақұлданды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Заң жобасы 2018 жылы наурызда Астанада жасалған шартты ратификациялауға бағытталған. Құжат екі ел арасындағы құқықтық қатынасқа қорытынды жасайды. Шарт сотталған адамның жазасын өз елінде өтеуді қамтамасыз етпек. Құжат бойынша сотталған адамды беру үшін тиісті негіздер ескерілген. Бұл тұрғыда адам қабылдаушы тараптың азаматы болуы, жасалған әрекет екі жақтың заңы бойынша қылмыс деп саналуы, өтелмеген жаза кемінде бір жылды құрауы керек.

«Әрине, беруден де бас тарту негіздері көзделген. Мысалы, ел егенмендігіне, қауіпсіздігіне, қоғамдық тәртіпке нұқсан келтіретін болса, сотталған адам қылмыстан келген залалын өтемесе немесе біздің азаматтарға қарыз болса. Қазіргі таңда Моңғолияда жазасын өтеп жатқан Қазақстан азаматтары жоқ. Ал елімізде Моңғолияның 5 азаматы жазасын өтеп жатыр», - деп нақтылады ҚР Бас прокурорының орынбасары Марат Ахметжанов.

Оның сөзіне қарағанда, осыған ұқсас шартты еліміз 22 мемлекетпен бекіткен. Жақында осындай құжатқа Өзбекстан, Вьетнам, Кипр, Аргентина, Доминикан және басқа да елдермен қол қою жоспарланған.