Ғылым және жоғары білім министрлігі техникалық қатеге байланысты грантынан айырылған түлектің мәселесін шешкенін мәлімдеді, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Мектеп түлегі Тастан Жасмин Қуанышқызы мемлекеттік білім грантының конкурсына қатысу үшін М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетіне құжат тапсырған. Ал қабылдау комиссиясының маманы ҰБТ сертификаттарын таңдау кезінде техникалық қателік жіберіп алған. Осыдан кейін грант иегерлерінің тізімі жарияланғанда баласының оқуға түспегенін білген ата-ана аталған оқу орнының басшылығына және министрлікке арызданды.
"Бүгін Ғылым және жоғары білім министрлігі өкілдері бұл мәселені назарға алып, шұғыл шешім қабылдады. Министрдің кеңесшісі түлектің ата-анасымен сөйлесіп, кеткен қателік үшін министр мен министрліктің атынан кешірім сұрады. Техникалық қателік тез арада түзетіліп, талапкер Тастан Жасмин Қуанышқызы үшін Сүлеймен Демирел атындағы универиситетке грант бөлінетін болды. Сондай-ақ, ол жатақханамен қамтылады" - делінген хабарламада.
Ал, құжат қабылдауда қателік жіберген М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университеті қабылдау комиссиясының маманына «сөгіс» берілген.
Сондай-ақ, Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек аппарат басшыларына және Жоғарғы оқу орындары ректорларына талапкерлердің құжаттарын қабылдау барысында мұқият болуды ескерткен.