Ирактан оралған сәбилер жақында туыстарымен қауышады. Бұл туралы бүгін ҚР Білім және ғылым министрлігі Райса Шер айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«ҚР Сыртқы істер министрлігінің бастамасымен ҚР Білім және ғылым, Денсаулық сақтау министрліктерінің, сонымен қатар өзге де ведомстволардың қолдауымен Ирактан қазақстандық балаларды алып келуге бағытталған «Русафа» деген атаумен арнайы операция жүргізілді. Қарашаның 27-інен 28-іне қараған күні балалар Қазақстанға жеткізілді. Балалар Нұр-Сұлтан қаласының қиын жағдайға тап болған балаларды қолдау орталығында тұрып жатыр. Осы жерге 14 бала жеткізілді. Олардың 10-ы 1 жас он айдан 5 жасқа дейінгі сәбилер, екеуі 6 және 9 жаста, тағы екі бала 10 және 13 жаста», - деді ол аталған орталықта балалардың жағдайымен таныстыру барысында.
Оның атап өтуінше, барлық балалар аталған орталықта әлеуметтендіріліп, оңалтудан өтіп жатыр. Олармен педагогтар, тәрбиешілер, медицина қызметкерлері күнделікті жұмыс істейді. Бұл мекеменің қауіпсіздігін Нұр-Сұлтан қалалық полиция департаменті қорғайды.
«Бастапқы кезде балалар жылап, бір-бірінің қолынан ұстап жүретін болса, қазіргі уақытта біршама бой үйретіп қалды. Көңілдері көтеріңкі, дауыстап сөйлеп, тіпті бір-бірімен алысып та алады. Балаларды еліміздің түрлі өңірлерінде тұратын туыстарына жақын арада, шамамен 12 желтоқсанда беру жоспарланып отыр. Олар бұл жерде туыстарынсыз тұрып жатыр. Себебі оларға геномдық сараптамалар жүргізілді. Яғни, алдын ала сараптамаларға сай туыстықтары қаншалықты дұрыс екендігін тағы бір нақтылау жүргізілді. Геномдық сараптама туыстықтарын тағы да бір мәрте нақтылады. Бірақ, туыстары бас тартқан 4 бала бар. Белгілі бір себептерге байланысты олар балаларды қабылдауға дайын емес. Сондықтан біз ол балаларды асырап алушы отбасыға немесе отбасылық үлгіде тәлім-тәрбие беретін мекемеге беруді жоспарлап отырмыз»,- деді Раиса Шер.
Еске салсақ, Ирак түрмесінде өз аналарының жанында жатқан 14 қазақстандық бала қайтарылған еді.
Ирактан Қазақстанға балаларды қайтару жұмысы осы жылдың басындағы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен іске асырылған «Жусан» гуманитарлық операциясының жалғасы болып отыр.
9 қазанда елордада өткен Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының (ЕҚЫҰ) Ауғанстан бойынша жиынында ҚР Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді Қазақстанның Ирактан 14 баланы қайтару бағытында жұмыс жүргізіп жатқанын хабарлаған.
«Иракта жүрген кішкентай қазақ балаларын елге алып келеміз. Жақын арада болуы керек. Осы айдың ішінде. Балалардың шешелері сотталып, түрмеде отыр. Сондықтан, балалары жат елде қалмасын деп, осындағы туған-туыстары өтініш білдірді. Сол балаларды алып келеміз. Әрине, бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерін әуежайдан күтіп алуға шақырамыз», - деген болатын Айбек Смадияров ведомствода өткен брифинг барысында.