03 шіл, 2023 сағат 16:22

Министрлік Дәулет Тұрлыхановтың ұлы әскери бөлімнен қашып кеткенін растады

видеодан алынған кадр

Қорғаныс министрлігі Парламент Мәжілісінің депутаты Дәулет Тұрлыхановтың ұлының әскери бөлімнен қашып кеткені туралы ақпаратты растады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

"2 шілдеде Қонаев гарнизонының әскери бөлімдерінің бірінде мерзімді қызметін өткеріп жатқан қатардағы жауынгер Б. қамауға алу мерзімі аяқталғаннан кейін (бұйрыққа бағынбау немесе оны өзгедей орындамағаны үшін гауптвахтада ұстау түрінде әкімшілік жауапкершілікке тартылды) әскери қызметшінің сүйемелдеуімен әскери бөлімнің орналасқан жеріне қайтып бара жатқан кезінде белгісіз бағытқа қашып кеткен" - делінген министрлік хабарламасында.

Ведомство мәліметінше, әскери қызметшінің орналасқан жерін анықтау бойынша іздестіру іс-шаралары ұйымдастырылды. Аталған дерекке қатысты қызметтік тексеріс тағайындалған.

Айта кетейік, бұған дейін депутаттың ұлының әскери бөлімнен қашып кеткенін заңгер Анна Чернова хабарлаған болатын.

"Маған Мәжіліс депутаты Дәулет Тұрлыхановтың ұлы Нұрасыл Болаттың әскери бөлімнен қашып кеткені белгілі болды. Оған әскери бөлім басшысының бақылауында болсын деген бұлтартпау шарасы тағайындалған. Бірақ оны кешеден бері таба алмай жатыр. BMW көлігіне отырып, кетіп қалыпты. Бала тергеуде екенін ұмытып кеткен сияқты. Оны көргендер болса, айтыңыздаршы", - деп жазды ол Instagram-дағы парақшасында.

Еске салайық, биыл ақпанда Алматыда заңгер Анна Чернова мен оның күйеуі Олег Чернов соққыға жығылған еді.

Алматы қалалық Полиция департаменті аталған дерек ҚР ҚК-нің 293-бабы («Бұзақылық») бойынша сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай тізіліміне тіркелгенін хабарлады.

Кейін ерлі-зайыптыларды ұрған адам Мәжіліс депутаты Дәулет Тұрлыхановтың ұлы Нұрасыл Болат екені анықталған.