14 мам, 2021 сағат 15:17

Министр: Жошы хан кесенесінің маңайына мазар орнату заңсыз


Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова Жошы хан кесенесінің маңайына мазар салу әрекеттерінің заңға қайшы екенін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Жош хан кесенесінің маңайына Жезқазғандағы университеттің ректорының әулеті мазар орнатқаны қаншалықты заңды? Тарихи-мәдени қорық-мұражайдың аумағынан жер телімі қалай беріліп кеткен? Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде Ақтоты Райымқұлова осындай сұрақ қойылды. Мәдениет және спорт министрі мұндай әрекеттің заңсыз екенін ескертті. 

«Жошы хан кесенесі республикалық маңызы бар ескерткіштердің тізіміне кіреді. Оның аумағы қолданыстағы заңнама бойынша тарихи-мәдени мақсаттағы жер болып саналады. Осы маңда 1997 жылы алғаш рет күмбезді мазар бой көтеріпті. Ол кезде нысан Мәдениет және спорт министрлігінің қарауында болған жоқ. Жошы хан кесенесі министрлік қарауына 2008 жылы ғана енді. Содан бері мазар аумағында заңсыздықтар болдырмауға бағытталған жұмыс істеп жатырмыз», - деген ведомство басшысы БАҚ өкілдері атаған жағдайды арнайы тексеру жүрзігіп, анықтау керектігін атап өтті. 

«Жошы хан мазары Ұлытау тарихи-мәдени қорық-мұражайының құрамына кіреді. Осы кесененің аумағында ешқандай келісу процедураларын жүргізбей салынған мазарлар наразылық туғызып жатыр. «ҚР Тарихи-мәдени мұра нысандарын қорғау және пайдалану туралы» Заңының баптары бойынша, әрине, тиісті рәсімдер орындалмай жасалған әрекеттер заңды нысанға жатпайды. 

Жер телімін беру жергілікті атқарушы органның құзыретінде екенін білесіздер. Ескерткіштің аумағынан жер телімі неге берілгенін анықтауды қажет етіп тұр. Ұлытау қорық-мұражайы әкімшілігінің жұмысындағы осы олқылықтарға байланысты тиісті шаралар қабылданады», - деді министр.