ҚР Әділет министрі Марат Бекетаев Президент тағайындайтын кейбір кандидатуралардың Елбасымен неге келісілетіндігіне қатысты түсінік берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Осы мәселе бойынша барлық нормалар Қауіпсіздік Кеңесі туралы заңды қабылдау кезінде бекітілген болатын. Президент Жарлығына қол қойылды, ол барлық рәсімдерді нақты регламенттейді. Белгілі бір лауазымдар келісуге жатады деген шешімді Парламент қабылдап, Президент қол қойған», - деді М. Бекетаев Үкімет отырысынан кейін тілшілер сауалына жауап бере отырып.
Оның пайымынша, мұндай тетік елдегі қос билік бар дегенді білдірмейді.
«Әрине, ондай жағдай жоқ. Көптеген елдерде осы тектес рәсімдер бар, яғни маңызды саяси лауазымдар тиісті органдармен келісіліп келеді», - деді министр.
Ведомство басшысының айтуынша, егер де Қауіпсіздік Кеңесінің төрағасы ұсынылған кандидатурамен келіспесе, онда бұған қатысты кейінгі іс-қимылдар регламентте анық көрсетілген.
«Жарлықта барлық рәсімдер нақты көрсетілген, онда шешім қабылданғанша, консультация ескерілген. Сондықтан да консультация кезінде барлық мәселелер шешіледі. Соңғы шешімді Қауіпсіздік Кеңесі шығарады. Бұл - алқалы орган. Атап айтқанда, бұл шаралар келісудің қалыпты рәсімі болып саналады», - деді М. Бекетаев.