Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин Astana Hub-та стартап атын жамылған майнерлерді сотқа беру өте қиын болатынын айтты. Ол мұның орнына заңнаманы өзгертуді ұсынды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі Есеп комитетіндегі сұрақтарға жауап берген Мусин майнинг фермалары мемлекеттік салықтық преференция алғанын мойындады.
"Astana Hub-та 574 қатысушы тіркелген. Оның ішінде бесеуі, түсінгеніміз бойынша, майнингпен айналысады. Соның ішінде тек бір компания майнингпен айналысатынын мойындады. Төртеуі ақпарат массивін өңдеу бойынша деректерді өңдеу орталығы (ДӨО) қызметтерін ұсынатынын айтады. Шындығында, егер олармен соттасса, жеңіледі, өйткені олар шынымен ақпаратты өңдеумен айналысқан", - деді Мусин.