Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният коронавирус жұқтыру жағдайлары қай кезде азаятынын айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Министрлік мамандары вирустың ерекшелігін, науқастардың санын және аурудың таралуын ескере отырып, эпидемиологиялық жағдайдың болжамын жасап шықты.
"Оған сәйкес, тамыз айында коронавирустық инфекцияның орташа тәуліктік саны 4 000 жағдайға дейін өседі. Ал қыркүйек айында төмендейді деп болжап отырмыз", - деді Ғиният Үкіметтің бүгінгі отырысында.
Осы орайда Денсаулық сақтау министрі вакцинация мен ревакцинация жасау қажеттігін тағы бір мәрте ескертті. Соның арқасында вирустың таралуын тежеуге болады.
"Қазіргі уақытта вакцинация мен ревакцинация жасау үшін екпенің үш түрі бар. Олар – QazVac, Sinopharm және Pfizer. Жалпы, 1 миллион 350 мыңнан доза бар", - деп атап көрсетті Ғиният.
Бұдан бөлек, жылдың аяғына дейін QazVac пен Pfizer-дің қосымша партиясы сатып алынады.
Айта кетері, бүгін жарияланған ақпарат бойынша соңғы бір тәуліктің ішінде Қазақстанда коронавирус инфекциясын жұқтырудың 2021 жағдайы тіркелді. Басым бөлігі Нұр-Сұлтан мен Алматы қаласына тиесілі. Қарағанды облысында науқастардың саны көбейіп келеді.