05 шіл, 2022 сағат 14:24

Министр коронавирусқа қатысты жағдай туралы: Қатаң шектеулер енгізбейміз


Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният Қазақстандағы эпидемиологиялық жағдай мен шектеу шаралары туралы айтты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.

"Қазір ұжымдық иммунитет бар, елімізде 11 миллионнан аса адам екпе алды. 5 миллионға жуық адам қайта егілді, бұл екпе алуы керек континенттің - 67 пайызы. Сондай-ақ, аурудан айыққан, иммунитеті бар азаматтар бар.

Сондықтан бүгінде қатаң шектеулер енгізбейміз. Адамдар көп жиналатын жерлерде маска тағуды ұсынамыз. Бұл сауда орталықтары, әуежайлар, вокзалдар, ұшақтар мен пойыздар болуы мүмкін", - деді Ғиният Үкімет кулуарында.

Денсаулық сақтау министрлігінің басшысы демалыс кезеңіне байланысты қазақстандықтар жиі екпе ала бастағанын атап өтті.

"Бүгінде вакцина қоры шамамен - 2 миллион доза. Сондықтан тұрғылықты жеріңіздегі емханаларға хабарласып, екпе және ревакцинация туралы дәрігерден кеңес алуды сұраймын", - деп қосты министр.

Оның айтуынша, Қазақстанда эпидемиологиялық жағдай тұрақты.

"Науқастардың 80 пайызы екпе алмағандар немесе алты айдан кейін (вакцинация курсынан кейін – еск.) қайта вакцинациядан өтпегендер.

Көбісі жеңіл өткеріп жатыр. Бүгінде ел бойынша 220 науқас ауруханада ем қабылдап жатыр. Оның 11-інің жағдайы ауыр. Аппаратқа қосылған науқастар жоқ", - деп қосты Ажар Ғиният.

Денсаулық сақтау министрлігінің басшысы әлем бойынша аурушаңдық 3 пайызға артқанын атап өтті. Оның айтуынша, бұл туристер ағынының артуы мен жұқпалы аурудың маусымдылығымен байланысты.

"Біз барлық сценарийге дайынбыз. Күніне 16 000 ауру тіркелген жағдайлар болды. Біз бұл толқыннан өттік. Бүгінде коронавирустың 187 жағдайы тіркелді. Медициналық ұйымдар коронавируспен күресуге дайын. Дәрі-дәрмек, кадр мәселесі зерделенді. Біз екі жыл бойы күресіп жатырмыз", - деді министр.