19 шіл, 2022 сағат 14:54

Министр: Киік санын реттеуге бірнеше жыл қажет


Қазақстанда киік санын реттеу үшін терең ғылыми зерттеу жұмысы басталмақ. Бұл туралы Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев мәлім етті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

"Киік санын қалпына келтіру – сөзсіз Қазақстанның жетістігі, киіктің әлемдік популяциясының 95%-ы елімізде. Киік – қазақ үшін киелі жануар, ұлттық брендіміз де деуге болады. Оны сауатты басқару - біздің алдымызда тұрған үлкен міндет, барлық пікірді ескеріп, міндетті түрде ғылыми орталықтармен ақылдасып, мәселені жүйелі түрде шешу керек", - деді министр ОКҚ-де өткен брифингте.

Брекешев Тоқаевтың сынынан кейін ғылыми ұйымдар, мемлекеттік органдар, салалық қауымдастық өкілдерінің қатысуымен киік популяциясын басқарудың жаңа тәсілдерін қарастыру мәселесі бойынша кеңес өткізгенін атап өтті.

"Мұндай популяцияны басқару мұқият дайындықты қажет етеді. Сондықтан біз Зоология институтымен терең зерттеу жұмыстарын бастаймыз және қорытындысын, әрине, жариялаймыз. Бұл жұмыс бірнеше жылға созылуы мүмкін", - деп түсіндірді министр.

Ведомство басшысының сөзінше, ғылыми зерттеулер нәтижесі бойынша киіктердің санын реттеудің баламалы әдістері анықталады.

Еске салсақ, бұдан бұрын Серікқали Брекшев Үкімет басшысынан киік популяциясын зерттеу үшін ақша бөлуді сұраған.