28 нау, 2022 сағат 15:17

Министр Қайрат Сатыбалдыұлының ұсталуына қатысты пікір білдірді

© Sputnik / Болат Шайхинов

Әділет министрі Қанат Мусин БАҚ өкілдерінің Қайрат Сатыбалдыұлының ұсталуына қатысты сұрағына жауап берді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" ҚазАқпарат агенттігіне сілтеме жасап.

Оған «Қайрат Сатыбалдының ұсталуы ҚР Тұңғыш Президенті туралы заңға қайшы келе ме?» деген сұрақ қойылды.

«Ең алдымен заң отбасы мүшелерін айқындайды. Ал немере туыстары бұған кірмейді. Екіншіден, қателеспесем, «Тұңғыш Президент туралы» Заңда Тұңғыш Президентті, онымен бірге тұратын отбасы мүшелерін қылмыстық жауапкершілікке тартуға болмайтындығы айтылған. Яғни, оларға айып тағуға болмайды. Бірақ тергеуге тыйым салынбаған», - деді ол.

Министрдің айтуынша, тергеу, қандай да бір іс-қимыл болуы мүмкін. 

«Заңда көрсетілген тұлғаларды ұстауға және тұтқындауға болмайды. Оған заң тыйым салады. Бірақ оларға сұрақ қоюға және жауап алуға тыйым жоқ», - деді Қанат Мусин. 

Сондай-ақ, Әділет министрлігінің басшысы қазір күн тәртібінде тұңғыш президент туралы заңды қайта қарау мәселесі тұрған жоқ екенін атап өтті. Айта кетері, бұл заң Елбасы мен оның отбасының жақын мүшелерін қорғайды.

Еске сала кетейік, 13 наурызда сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Қайрат Сатыбалдыұлының ұсталғаны туралы ақпарат таратты. Ол "Қазақтелеком" компаниясының қаражатын аса ірі көлемде жымқырғаны үшін айыпталып отыр. Сондай-ақ мемлекет қауіпсіздігіне нұқсан келтіретін басқа да қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексерілуде.

Қайрат Сатыбалды Алматы әуежайында ұсталды. Ол Дубайға ұшып кетпек болған.

Үш күннен кейін рейдерлік жолмен бизнесті тартып алу фактісі бойынша оның бұрынғы әйелі Гүлмира Сатыбалды қамауға алынды.